Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасқанын, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың тұрақты түрде дамып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшысы бұл оң үрдіс Гонконгпен арадағы қарым-қатынаста да айқын көрініс тауып отырғанына назар аударды.
Президент Гонконгтың әлемдегі жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі екенін атап өтіп, оның инвестиция, инновация, технология және халықаралық сауда салаларындағы әлеуетіне жоғары баға берді. Сондай-ақ Қазақстанның Гонконгпен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу барысында цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы ықпалдастық мәселелері кеңінен талқыланды. Мемлекет басшысы аталған сапар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтып, іскерлік байланыстарды кеңейтуге тың мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ауқымды бизнес-делегациямен келгені үшін Джон Лиге алғыс айтып, бұл Гонконг іскерлік қауымдастығының Қазақстан нарығына деген жоғары қызығушылығын көрсететінін атап өтті.
Өз кезегінде Джон Ли жылы қабылдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. Ол Гонконгтың Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін мәлімдеп, бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты.
Гонконг Әкімшілігінің Басшысының сөзінше, Қазақстанға келген делегация оның шетелдік сапарлары тарихындағы ең ауқымды құрамдардың бірі болды. Делегация құрамына логистика, «жасыл» энергетика, тау-кен өнеркәсібі, инновация, технология және білім беру салаларында қызмет атқаратын 75 ресми тұлға мен кәсіпкер енген.