Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің Аға кеңесшісі Арье Лайтстоунмен кездесу өткізді. Басқосу барысында халықаралық қауіпсіздік, өңіраралық ынтымақтастық, гуманитарлық бастамалар және көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу басында Арье Лайтстоун Қазақстан халқы мен Мемлекет басшысын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, елімізге бейбітшілік, тұрақтылық және бақ-береке тіледі. Сонымен қатар ол АҚШ Президенті Дональд Трамптың ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.
Кездесу барысында Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған Қазақстанның бастамалары талқыланды. Атап айтқанда, әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру, білім беру мен денсаулық сақтау жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Тараптар гуманитарлық көмекті күшейту мен өңірдегі тұрақтылықты қолдау бағытындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Арье Лайтстоун Қазақстанның халықаралық ұйымдар қызметіне белсенді қатысуын жоғары бағалап, еліміздің жаһандық және өңірлік деңгейдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде қабылдаған шешімінің халықаралық қауымдастық тарапынан оң бағаланғанын жеткізді.
Келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Арье Лайтстоун TRIPP бастамасы мен Орта дәліз аясындағы өзара ықпалдастықтың перспективаларын талқылады. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық байланысты нығайтуға, халықаралық көлік бағыттарын әртараптандыруға және транзиттік әлеуетін арттыруға мүдделі екені айтылды.