Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдап, елімізде бала құқықтарын қорғау және балалардың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижелерімен танысты.

Кездесу барысында Президентке балалардың құқықтарын қамтамасыз ету, олардың қауіпсіздігін күшейту және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі кешенді шаралар туралы есеп берілді. Динара Зәкиева биыл қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізгі бағыттарына тоқталып, құжат аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларындағы жұмыстар жүйеленгенін атап өтті.

Сонымен қатар жүргізілген жан-жақты талдау негізінде алдағы бес жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленгені айтылды. Аталған жоспар балалардың құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қолдау жүйесін күшейтуге бағытталған 158 нақты шараны қамтиды.

Мемлекет басшысына өңірлік деңгейде балалардың құқықтарын қорғау институтын күшейту жұмыстары жөнінде де баяндалды. Атап айтқанда, облыс әкімдіктері жанынан Балалар құқығын қорғау басқармаларын құру жұмыстары аяқталып, олардың өкілеттіктері ұлттық заңнама аясында бекітілген. Қазіргі уақытта қажетті ұйымдастыру рәсімдері іске асырылуда.

Кездесу барысында балалардың психологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Биыл тоғыз өңірде жүргізілген мониторинг нәтижесінде балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу және психологиялық қолдау көрсету шараларының тиімділігі бағаланды. Осы бағытта психологиялық қолдау орталықтарын құру және бірыңғай психологиялық диагностика бағдарламасын енгізу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Сондай-ақ 111 мемлекеттік байланыс орталығы мен мектептердегі QR-111 жүйесінің жұмысы туралы ақпарат ұсынылды. Аталған құрал балалармен жедел байланыс орнатуға және құқық бұзушылық жағдайларын анықтауға ықпал етіп отыр.