Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы есепті тыңдады.
Кездесу барысында қала әкімі өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 5,7 триллион теңгеге жетіп, 11 пайызға артқанын баяндады. Осы көрсеткіш бойынша Шымкент өңірлер арасында екінші орынға шыққан. Сонымен қатар 2025 жылы қала экономикасына 859,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 72 пайызы жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілген.
Соңғы үш жыл ішінде өнеркәсіп саласында құны 170 миллиард теңгені құрайтын 50 жоба іске асырылып, 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 133 мыңға жетіп, олардың экономикадағы үлесі айтарлықтай артқан.
Ғабит Сыздықбеков биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталғанын жеткізді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10,4 пайызға өсіп, оң өзгерістер өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында байқалған.
Президентке әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары туралы да баяндалды. Қазіргі уақытта қалада 200 орындық перинаталдық орталық пен 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 35 мың орындық стадион және спорттық мамандандырылған кешендер салынуда.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Шымкент қаласын одан әрі дамыту, инвестициялық тартымдылығын күшейту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді.