Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында ғарыш саласының қазіргі жай-күйі, іске асырылып жатқан жобалар және оның даму перспективалары қаралды.

Үкімет мүшелері Мемлекет басшысына ұлттық ғарыш саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, спутниктік байланыс жүйелерінің жай-күйі, ғарыш инфрақұрылымын жетілдіру және экономика мен мемлекеттік басқару салаларында ғарыштық деректерді тиімді пайдалану бойынша қолға алынған жобалар талқыланды.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев спутниктік жүйелерді дамытуға, ғарыш инфрақұрылымын жаңғыртуға және ғарыш деректеріне негізделген қолданбалы шешімдерді енгізуге бағытталған негізгі жобалардың іске асырылуы жөнінде мәлімет берді.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы ғарыш саласының стратегиялық маңызын атап өтіп, спутниктік байланыс пен инфрақұрылымның тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, қазіргі кезеңде ғарыш саласы тек ірі мемлекеттердің монополиясы болып саналмайды, керісінше, жеке компаниялар белсенді қатысатын жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті салаға айналып отыр.

Сонымен қатар отырыста ғарыш ғылымын дамыту, астрофизикалық зерттеулерге қолдау көрсету және ұлттық инженерлік-технологиялық әлеуетті нығайту мәселелері қаралды. «Бәйтерек» бірлескен жобасын жүзеге асыру барысы оң бағаланып, оның еліміздің ғарыш саласын дамытудағы стратегиялық рөлі атап өтілді.

Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастыққа да тоқталып, Ресей Федерациясымен және өзге де шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңызын айтты. Сонымен бірге Байқоңыр қаласы мен оған іргелес аумақтарда тұратын азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударылды.

Отырыс қорытындысында Президент Үкіметке ғарыш саласын жаңғыртуға, оның ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға және мемлекет мүддесіне тиімді пайдалануға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.