Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдады. Кездесу барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті бағыттар, өңірлік жобалардың жүзеге асырылуы және стратегиялық инфрақұрылымдық бастамалардың орындалу барысы қаралды.
Мемлекет басшысына Қытай Халық Республикасында ұйымдастырылған Alatau City Roadshow қорытындысы туралы баяндалды. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, халықаралық таныстырылым аясында 20 іс-шара және бірқатар маңызды кездесулер өткізілген. Нәтижесінде жалпы сомасы 6,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын 30 келісім мен меморандумға қол қойылған.
Сондай-ақ Шэньчжэнь қаласының мэрі Цинь Вэйчжунмен, Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен және ірі халықаралық компаниялардың жетекшілерімен өткен кездесулерде Алатау қаласының инвестициялық және экономикалық әлеуеті жан-жақты таныстырылды.
Вице-премьер Мемлекет басшысының Алматы облысына жуырдағы сапары барысында берген тапсырмаларын негізге ала отырып әзірленген жұмыс жоспары туралы да есеп берді. Бұдан бөлек, су ресурстарын басқару саласындағы жобалардың іске асырылуы, соның ішінде гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, жаңа су қоймалары мен каналдар салу бағытындағы жұмыстар баяндалды.
Кездесуде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу барысы қарастырылды. Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамытуға 1,1 триллион теңгеден астам қаржы бағытталатыны айтылды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі инвестициялық көлем болып саналады. Қаржыландыру отандық және халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жүзеге асырылады. Жоба нәтижесінде үш жыл ішінде коммуналдық желілердің тозуын 40 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына отандық тауар өндірушілерді кеңінен тартудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің, әсіресе оңтүстік өңірлеріндегі вегетация кезеңін тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырма берді.