Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Кездесу барысында елдегі криминогендік ахуал, ішкі істер органдарының қызметі және Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.

Министр Президентке 2026 жылдың алғашқы бес айындағы қылмыстық жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, тіркелген қылмыс саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмендеген. Сонымен қатар негізгі құқықбұзушылық санаттары бойынша қылмыстың азаюы және ашылу деңгейінің артуы байқалып отыр.

Ержан Сәденов алдын алу шаралары мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Ведомство жазаның бұлтартпас қағидатын дәйекті түрде жүзеге асыруды жалғастыруда. Есепті кезеңде бұрын жасалған 1685 қылмыс ашылған.

Сондай-ақ сот төрелігінен бой тасалап жүрген 574 қылмыскер ұсталған, олардың 89-ы шетел аумағында табылып, Қазақстанға қайтарылған.

Кездесуде киберқылмыс, есірткі қылмысы, ұйымдасқан қылмыс және экстремизмге қарсы күрес бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы да ақпарат берілді. Құқық қорғау органдары қылмыстық топтардың әрекеттерін әшкерелеу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық әріптестікті нығайту бағытында кешенді іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту мәселелеріне ерекше тоқталып, ел аумағында «Заң мен тәртіп» қағидатын толыққанды іске асыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде Ішкі істер министрлігіне бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

Кездесу қорытындысында құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру, қылмыстың алдын алу және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін көтеру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы айтылды.