Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады. Кездесу барысында «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың орындалу барысы және ұлттық экономиканы дамытудағы бәсекелестік ортаны жетілдіру мәселелері қаралды.

Агенттік төрағасы Мемлекет басшысына Жарлықты іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, квазимемлекеттік секторды қысқарту және бәсекелестікті дамыту бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсенің қатысуымен 2026–2030 жылдарға арналған квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жоспары бекітілді. Бұл бастама аясында бәсекелестік ортаға берілетін активтердің жиынтық кірісі 3,4 триллион теңгені құрайды.

Кездесуде мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Қабылданған шаралар бір көзден сатып алу үлесін 39 пайыздан 24 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде жалпы бюджет аясындағы бәсекелі сатып алу көлемі 6,2–8,1 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Сонымен қатар бизнес субъектілерінің тауар нарықтарына еркін кіруіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою, маңызды нарықтардағы өнімсіз делдалдарды азайту және цифрлық экономиканы реттеудің жаңа тәсілдерін енгізу бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Марат Омаров бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы заңнамалық түзетулердің алтыншы пакеті бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды. Аталған заң жобасында бәсекелестік саясаттың тиімділігін арттыру, монополияланған нарықтардағы бақылауды күшейту, монополияға қарсы реттеуді жетілдіру және мемлекеттік сектордың экономикадағы үлесін кезең-кезеңімен қысқарту көзделген жеті негізгі бағыт қамтылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестікті дамыту және экономиканы ырықтандыру бағытындағы жұмысты жандандырудың маңызын атап өтіп, Агенттік төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді. Кездесу қорытындысында нарықтық экономиканың ашықтығын арттыру және әділ бәсекелестік қағидаттарын нығайтуға бағытталған реформаларды жүйелі жалғастыру.