Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, орынбасарлары мен педагогтері бас қосқан тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Жиын білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, алдағы оқу жылына қойылатын міндеттерді айқындауға арналды.
Қалалық білім басқармасы ұйымдастырған конференция Жол-көлік колледжінде өтіп, оған 200-ге жуық педагог қатысты. Биылғы басқосудың негізгі тақырыбы – «Адами капиталды дамыту – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің стратегиялық негізі».
Конференция барысында техникалық және кәсіптік білім беру саласын одан әрі жетілдіру, оқыту сапасын арттыру және педагогтердің кәсіби құзыретін дамыту мәселелері көтерілді. Қатысушылар оқыту әдістемесін жаңарту, инновациялық шешімдерді оқу үдерісіне енгізу, әдістемелік жұмыстағы өзгерістерге бейімделу және заманауи білім беру тәсілдерін тиімді қолдану бағыттарын талқылады.
Жиын барысында еңбек нарығының қазіргі талаптарына сай білікті мамандар даярлаудың маңызына да ерекше назар аударылды. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, білім алушылардың практикалық дағдыларын дамыту және оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейту мәселелері сөз болды.
Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзина Уәлиханованың айтуынша, тамыз конференциясы педагогтер үшін тәжірибе алмасып, жаңа әдістемелермен танысуға және алдағы оқу жылына нақты жоспар құруға мүмкіндік береді. Мұндай алаңдар білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелерді кеңінен таратуға ықпал етеді.
Сонымен қатар педагогтер білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Мамандардың пікірінше, заманауи технологиялар педагог пен білім алушының шығармашылық әлеуетін алмастырмай, керісінше, күнделікті және техникалық жұмыстарды жеңілдетіп, оқу сапасын арттыруға бағытталуы қажет.
Конференция қорытындысында өткен оқу жылындағы жұмыстар сараланып, білім беру саласына үлес қосқан белсенді педагогтердің еңбегі атап өтілді. Атап айтқанда, Шымкент музыкалық колледжінің музыкалық жетекшісі Айнұр Баймаханова қалалық іс-шараларға белсенді қатысып, қоғамдық жұмыстарға үлес қосқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Жиын жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін көрсетті.