Шымкент қаласында 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан қаланың ашық чемпионаты өтуде. 24–29 тамыз аралығына жоспарланған спорттық додаға 200-ге жуық жас боксшы қатысып, шеберліктерін ортаға салуда.

Жарыс барысында жас спортшылар 15 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Атап айтқанда, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 57, 60, 63, 66, 70, 75, 80 және 80 килограмнан жоғары салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Бәсекеде қатысушылар өздерінің техникалық және тактикалық дайындығын көрсетіп, қарсыластарымен тартысты жекпе-жектер өткізуде. Әр кездесу жас спортшылардың тәжірибесін шыңдап, спорттық шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ашық чемпионаттың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында бокс спортын кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды спортқа баулу және болашағынан үміт күттіретін спортшыларды анықтау.

Жарыс Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған Шымкент қаласының спорт мектептерімен қатар, өзге өңірлерден келген жас былғары қолғап шеберлері де қатысуда.

Мұндай жарыстар жас боксшылардың жарыс тәжірибесін арттырып қана қоймай, олардың жауапкершілік, табандылық және жеңіске деген жігерін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, ашық чемпионат Шымкенттің бокс мектебінің әлеуетін танытып, ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашады.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, чемпионат жас боксшыларға өз қатарластары арасында тәжірибе алмасып, алдағы республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындықтарын пысықтауға мүмкіндік береді.