Шымкентте комплаенс қызметтерінің форумы өтіп жатыр. Кәсіби жиынға қаладағы 170-тен астам комплаенс маманы қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы заңнамалық өзгерістерді талқылап, өзара тәжірибе алмасуда.
Форумды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырып отыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – квазимемлекеттік сектордағы комплаенс қызметтерінің жұмысын жетілдіру, мамандардың кәсіби құзыретін арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың тиімді тетіктерін қалыптастыру.
Жиын барысында комплаенс қызметінің рөлін күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін уақтылы анықтау, бағалау және олардың алдын алу мәселелері кеңінен қарастырылуда. Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қанат Қадырбековтің айтуынша, комплаенс қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – ұйымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ішкі бақылау тетіктерін тиімді ұйымдастыру.
Форумда 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызмет саласына енгізілген өзгерістер және 13 тамыздан бастап күшіне енген комплаенс қызметінің жаңа үлгілік ережесі түсіндірілуде. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені енгізу, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру және комплаенс институтының тиімділігін арттыру бағыттары талқылануда.
Іс-шараға Республикалық комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының сарапшысы Айпара Адибай қатысып, мамандарға комплаенс институтын дамыту, іскерлік этика қағидаттарын сақтау және тәуекелдерді басқару бойынша тәжірибелік ақпарат ұсынуда.
Форумның практикалық бөлімінде қатысушылар топтарға бөлініп, нақты кейстермен жұмыс істеуде. Мамандар ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оларды бағалау және төмендету бойынша нақты шешімдер әзірлеуде.
Мұндай кәсіби алаңдар комплаенс мамандары арасында тәжірибе алмасуға, тиімді тәсілдерді ортақ пайдалануға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.