Шымкентте теннистен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан кубогы басталды. Елдің түкпір-түкпірінен талантты жас спортшылар бас қосқан байрақты бәсекенің салтанатты ашылу рәсімі «Билайн Арена» спорт кешенінде өтті.
Биылғы Қазақстан кубогы жарыстың 10 жылдық тарихын қорытындылайтын мерейтойлық турнир ретінде ұйымдастырылып отыр. Додаға еліміздің барлық өңірінен 18 команда қатысып, жасөспірімдер өзара мықтыны анықтайды.
Жарыс бағдарламасына ұлдар мен қыздар арасындағы жекелей және жұптық ойындар енгізілген. Спортшылар жарыс барысында өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдайды. Сонымен қатар турнир қорытындысы бойынша жас теннисшілер рейтингілік ұпай жинап, ұлттық құрама сапына іріктелуге мүмкіндік алады.

Жарысқа қатысушылар арасында тенниспен кәсіби түрде айналысып жүрген, республикалық және халықаралық додаларда тәжірибе жинақтаған спортшылар да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін Қазақстан кубогында бақ сынаған бірқатар жас теннисші бүгінде халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Мұндай жарыстар жас спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, олардың кәсіби спорттағы болашағын айқындауға жол ашады. Әсіресе жасөспірімдердің тұрақты түрде республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуы спорттық шеберлікті жетілдіруге және жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Шымкентте өтіп жатқан Қазақстан кубогы жас теннисшілер үшін тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін сынайтын маңызды алаңға айналмақ. Жарыс барысында спортшылар жеңіс үшін бар күш-жігерін салып, тартысты бәсекеге түседі.
Айта кетейік, Қазақстан кубогының ойындары «Билайн Арена» спорт кешенінің теннис корттарында жалғасады.