Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы соттарының екінші конференциясына қатысу үшін Қазақстанға арнайы келген бірқатар жоғары лауазымды сот өкілдерін қабылдады.

Ақордада өткен кездесуге Әзербайжан Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Инам Керимов, Қырғыз Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Медербек Сатыев, Түркия Республикасының Кассациялық сот төрағасы Омер Керкез, Түркия Республикасының Мемлекеттік кеңес төрағасы Зеки Йигит және Өзбекстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының бірінші орынбасары Алишер Усманов қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, бауырлас елдердің құқықтық жүйелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, сот билігінің тәуелсіздігі, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері мемлекеттердің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі болып саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда сот жүйесін жаңғыртуға, құқық үстемдігін нығайтуға және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар мемлекеттер арасындағы тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыстарды кеңейту сот төрелігінің тиімділігін арттыруға және заманауи сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге мүмкіндік беретінін айтты.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан Президентіне қабылдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сот органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ олар құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту және әділ сот жүйесін дамыту бағытындағы бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сот саласындағы өзара әріптестікті кеңейту, тәжірибе алмасу және құқықтық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру жөніндегі бастамаларды қолдауға уағдаласты.