Ақордада өткен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласының дамуы мен қол жеткізілген нәтижелерге арнайы тоқталды.

Президенттің айтуынша, мемлекет медицина саласын дамытуға әрдайым басымдық беріп келеді. Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Былтыр елімізде азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарып, Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Сонымен қатар кейінгі жеті жылда республика бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынып, медициналық сақтандыру жүйесі заман талабына сай жаңғыртылды.

Мемлекет басшысы бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман еңбек етіп жатқанын атап өтіп, дәрігерлердің мәртебесін көтеру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала беретінін айтты. Осыған байланысты Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін Заңға қол қойғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл шешім қоғамда орнығып келе жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатына толық сәйкес келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзара құрмет пен жоғары мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударды. Президент құқықтық мемлекет құру әр азаматтың күнделікті өмірдегі тәртібі мен жауапкершілігінен басталатынын атап өтті. Сондай-ақ қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтырудың маңыздылығына тоқталып, медицина қызметкерлері осы бағытта көпшілікке үлгі болуы тиіс екенін айтты.

Іс-шара соңында Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ медицина қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттап, олардың ел игілігі жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.