Бүгін Ақордада Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға еліміздің әр өңірінен келген денсаулық сақтау саласының үздік мамандары қатысып, олардың қоғам алдындағы ерен еңбегіне құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың халық денсаулығын сақтау жолындағы жанқиярлық қызметін жоғары бағалады.

Президент өз сөзінде халқымыздың «Бірінші байлық – денсаулық» деген қағидасына ерекше тоқталып, ұлт саулығы мемлекет үшін ең қымбат құндылық екенін атап өтті. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласын дамыту еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала беретінін жеткізді.

Мемлекет басшысы дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері мен сала мамандарының азаматтардың денсаулығын нығайтуға және өмір сапасын жақсартуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ осы салада табанды еңбек етіп жүрген барлық медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум кезінде медицина саласы мамандарының белсенді азаматтық ұстаным танытып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, халық жаңа Конституцияны қолдау арқылы елдің жарқын болашағына жол ашатын тарихи таңдау жасады.

Мемлекет басшысы жаңа Ата заңда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілгенін де ерекше атап өтті. Конституцияда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау қағидаттарының көрініс табуы ұлт саулығын сақтауға бағытталған маңызды қадам екені айтылды.

Іс-шара соңында Президент медицина қызметкерлерінің еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын айтып, олардың кәсіби қызметіне табыс, отбасыларына амандық және еліміздің игілігі жолындағы жауапты істеріне толағай жетістіктер тіледі.