Ақордада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы соттарының өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы Түркі мемлекеттері ұйымының айрықша рөліне тоқталды.
Президент ұйымға мүше елдердің сот және құқық қорғау салаларындағы өзара ықпалдастығының жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Осы орайда ертең Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы соттарының екінші конференциясы аталған серіктестіктің жарқын көрінісі болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір өркениетті мемлекеттің тұрақты дамуы мен өсіп-өркендеуінде сот жүйесінің маңызы ерекше екенін атап өтіп, жоғарғы соттар арасындағы тығыз байланыстарды тереңдету бауырлас елдердің ортақ мүддесіне толық сай келетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемде көптеген елдер жаһандық технологиялық өзгерістерге бейімделіп, қарқынды даму жолына түскеніне назар аударды. Оның айтуынша, түркі мемлекеттері де күш-жігерді біріктіріп, заманауи сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруі қажет. Түркістанда өтетін конференция барысында сот саласын цифрландыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау және басқа да өзекті мәселелер жан-жақты талқыланатыны атап өтілді.
Кездесу барысында Президент соңғы жылдары Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар жөнінде де мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шілдеден бастап еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енетінін айтып, оның мемлекеттіліктің мызғымас тірегі екенін атап өтті. Жаңартылған Ата заңда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту және цифрлық кеңістіктегі жеке деректерді қорғау мәселелеріне ерекше мән берілген.
Президент Конституция нормаларын іске асыру мақсатында бес конституциялық заңға қол қойылып, 70-тен астам кодекс пен заңға өзгерістер енгізілгенін айтты. Сонымен қатар тамыз айында Құрылтай сайлауы өтіп, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталатынын, жалпы мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғыртылатынын жеткізді.