Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испанияның Inditex Group компаниясы бас директорының орынбасары әрі сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Сантьяго Мартинес-Лахе Собредоны қабылдады. Кездесу барысында сауда, логистика және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қарастырылды.

Президент Қазақстан мен Испания арасындағы экономикалық ықпалдастық екіжақты қарым-қатынастың негізгі тіректерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда түрлі салада қызмет ететін 60-қа жуық испандық компания табысты жұмыс істеп келеді. Бұл екі ел арасындағы өзара сенім мен экономикалық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі жетекші ритейл компанияларының бірі саналатын Inditex Group-тың Қазақстандағы қызметін кеңейту ниетін және елімізді Орталық Азиядағы маңызды көлік-логистика торабына айналдыруға бағытталған жоспарын құптады. Президент Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы, дамып келе жатқан көлік инфрақұрылымы мен инвестициялық әлеуеті өңірлік логистикалық орталық құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы компанияның қызметі уақыт өте келе логистикамен ғана шектелмей, еліміздің тоқыма өнеркәсібін дамытуға да жаңа серпін бере алатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, өңдеу өнеркәсібіндегі бірлескен жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Өз кезегінде Сантьяго Мартинес-Лахе Собредо Қазақстанда кәсіпкерлік пен инвестициялық қызметке қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, компанияның еліміздегі ұзақмерзімді даму жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, Inditex Group Алматы және Қарағанды әуежайларының базасында өңірлік логистикалық хаб қалыптастыру жұмыстарын жүзеге асырып жатыр.

Қазіргі уақытта Inditex құрамына әлемге танымал Zara, Pull&Bear, Massimo Dutti және Bershka брендтері кіреді. Бұл брендтер Қазақстан нарығында кеңінен танылып, тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие.