Мемлекет басшысы Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір режимінде Абай облысында Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында Президент жаңа өндірістік нысанның ел экономикасы үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы Ақтоғай кен орнында салынатын мыс балқыту зауыты тау-кен металлургия саласын дамытуға және Қазақстан экономикасының орнықты өсімін қамтамасыз етуге тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті.

– Тау-кен металлургиясы мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор сала екені белгілі. Мен былтыр халыққа Жолдауымда осы мәселеге арнайы тоқталдым, нақты міндеттерді айқындадым. Сондықтан жаңа зауыттың құрылысын осы бағытта істеліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміздің қазіргі даму кезеңіне де тоқталып, Қазақстанның ауқымды реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өндірістік жобаларды іске асырудың негізгі мақсаты – экономикалық өсімді қамтамасыз ету, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру және халықтың әл-ауқатын арттыру.

Мемлекет басшысы Конституцияда елдің негізгі құндылықтары мен қағидаттары айқын көрініс тапқанын атап өтіп, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі екенін айтты.

Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысы Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттыруға, металлургия саласында қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба өңір экономикасына оң ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстанның минералдық-шикізат ресурстарын тиімді пайдалануға, өндірісті жаңғыртуға және отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *