Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны кең көлемде жалғасып жатыр. Жобаға қазіргі таңда 1,4 миллионнан астам адам қатысып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыруда.
Астанада марафонның барысына арналған кеңес өтіп, онда жобаның аралық нәтижелері қорытындыланып, халық арасында кітап оқуды кеңінен насихаттаудың алдағы бағыттары талқыланды. Жиынға жауапты мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Республикалық марафон Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған. Негізгі міндеті – қоғамда кітап оқуға деген тұрақты қызығушылықты қалыптастырып, білімді, ой-өрісі кең және рухани бай ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ету.
Жобаға мектеп оқушылары мен студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдарының өкілдері, отбасылар және шығармашылық зиялы қауым белсенді қатысып жатыр. Бұл марафонның түрлі әлеуметтік топтарды ортақ құндылық – кітап оқу төңірегіне біріктіріп отырғанын көрсетеді.
Марафон аясында еліміздің барлық өңірінде жобалық кеңселер құрылып, қатысушыларға әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі 345 әдеби шығармадан тұратын бірыңғай кітаптар тізімі әзірленген.
Жоба аясында қатысушыларға ыңғайлы болу үшін reading-nation.kz цифрлық платформасы іске қосылған. Платформа арқылы марафонға қатысты ақпаратпен танысып, әдеби шығармалар тізімін қарап, жобаға қатысуға мүмкіндік бар.
«Кітап оқитын ұлт» марафоны – қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, елдегі оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама. Жобаның жалғасуы Қазақстанда білім мен рухани құндылықтарды дәріптеуге жаңа серпін береді.