ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ДАМУДА

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Қаланың аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын алаптары мен өндірістік нысандардың саны артуына байланысты инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекен ауыз су жүйесімен қамтылған. 2025 жылы Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран шағынауданының Қайтпас-1 аумағында тұрғын үйлерді су жүйесіне қосу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 32 шақырым су құбыры тартылып, Текесу мен Айкөл елді мекендері орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Жобалардың жалпы құны шамамен 257 млн теңгеден асты. Нәтижесінде 11 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қаланың су жүйесін одан әрі кеңейту мақсатында Таскен, Исфиджаб, Қазығұрт стансасы, Гидрогеолог және Орманшы елді мекендерінде, сондай-ақ Оңтүстік, Ақжайық және Жиделі аумақтарында тиісті жобалау жұмыстары жүргізілуде. Оңтүстік тұрғын алабында ауыз су желісінің құрылысы басталған.
Электрмен жабдықтау саласында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Қаладағы 81 елді мекен электр қуатымен қамтылған. 2026 жылы 8 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Сайрам, Сәуле шағынауданының 275-орамындағы, Қайнарбұлақтағы және Тұран аумағындағы электр желілерін салу жұмыстары бар. Бұл жобалар шамамен 24 мың тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Сауда-логистикалық орталығына инженерлік желілер тарту, «Dala Construction» ЖШС нысанын электрмен жабдықтау және Жұлдыз индустриялық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде.
Электр қуатына сұраныстың артуына байланысты қосымша қуат көздерін қалыптастыруға да басымдық берілген. «Қазығұрт» қосалқы стансасының жүктемесі 100 пайызға жетуіне орай, қуаттылығы 125 МВт автотрансформатор орнату жұмыстары қарастырылған. Бұдан бөлек, Бадам өзені бойында 110/10 кВ қосалқы стансасы мен 110 кВ электр желісін салу арқылы «Стандарт Стилл» зауытын электрмен қамтамасыз ету жобасы жүзеге асырылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *