Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Groupe ADP компаниясының бас директоры Филипп Паскальмен кездесу өткізді. Кездесу барысында Алматы халықаралық әуежайын дамытудың ұзақмерзімді перспективалары мен Қазақстанның авиациялық инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды.

Президент көлік-логистика саласын дамыту еліміздің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық әуе хабтарын қалыптастыру Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, өңірлік және жаһандық көлік байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Groupe ADP компаниясының Алматы әуежайының инфрақұрылымын дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы компанияның қатысуымен жүзеге асырылған жаңа халықаралық терминал құрылысы секілді маңызды жобалар табысты серіктестіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, аталған жобалардың нәтижесінде Алматы әуежайының инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарып, оның жылдық өткізу мүмкіндігі едәуір артты. Қазіргі таңда әуежай жылына 14 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл көрсеткіш еліміздің авиациялық әлеуетін нығайтып, халықаралық бағыттардың кеңеюіне және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруына оң ықпал етеді.

Кездесу барысында Groupe ADP компаниясының бас директоры Филипп Паскаль Алматы әуежайын дамытудың ұзақмерзімді бас жоспарының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Оның мәліметінше, 2050 жылға дейінгі инвестициялық бағдарлама аясында әуежайдың өткізу қабілетін жылына 55 миллион жолаушыға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан өңірлеріндегі әуежайларды дамытуға бағытталған жаңа бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Филипп Паскаль елімізде авиациялық инфрақұрылымның тиімді жұмыс істеуіне қолайлы нормативтік-құқықтық база қалыптасқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Брюссельге сапары аясында Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасында қол қойылған әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы келісімнің саланы дамытудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.