Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Mediterranean Shipping Company (MSC) компаниясының аға вице-президенті Эдуард Зигристті қабылдады. Кездесу барысында көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Әңгімелесу барысында жүк айналымын ұлғайту және халықаралық тасымалдардың тиімділігін арттыру мақсатында контейнерлеу деңгейін көтеру мәселесіне ерекше назар аударылды. Президент контейнерлік тасымалдау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын MSC компаниясының Қазақстан нарығындағы қызметіне жоғары баға беріп, оның еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Транскаспий халықаралық көлік бағдары – Орта дәлізді дамыту Қазақстан үшін стратегиялық басымдықтардың бірі саналатынын жеткізді. Мемлекет басшысы компания өкіліне аталған дәліздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған нақты шаралар туралы ақпарат берді.
Атап айтқанда, Қазақстан Әзербайжан және Грузиямен бірлесіп бірыңғай ұзақмерзімді тарифтік модельді енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Сонымен қатар Каспий теңізіндегі жүк кемелері флотын кеңейту, Әзербайжанмен бірге теңіз табанын тереңдету және Құрық портын жаңғырту бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы MSC компаниясының Каспий жағалауындағы порт инфрақұрылымына инвестиция салуға қызығушылық танытуын құптап, мұндай бастамалар Орта дәліздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттыратынын және Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемінің ұлғаюына тың серпін беретінін атап өтті.
Өз кезегінде MSC компаниясының аға вице-президенті Эдуард Зигрист Президентке компанияның Қазақстандағы ұзақмерзімді инвестициялық жоспары туралы баяндады. Аталған жоспар логистикалық терминалдарға, теміржол активтеріне, порт инфрақұрылымына және теңіз қызметтеріне, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы әуе жүк тасымалы жүйесін дамытуға инвестиция тартуды көздейді.