Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, еліміздің қоғамдық-саяси дамуындағы тарихи кезеңге жан-жақты тоқталды. Президент бұл жиынның ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, Парламенттің кезекті сессиясының аяқталуы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұтас бір дәуірдің қорытындыланғанын білдіретінін жеткізді.
Мемлекет басшысы ертеңнен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енетінін айтып, мемлекеттік билік жүйесі түбегейлі жаңа сипатқа ие болатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай құрылып, бұл өзгеріс еліміздің тарихи сабақтастығы мен мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа кезеңге аяқ басқанын айқындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік жылдарында Парламенттің ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Осы уақыт ішінде шамамен 3,5 мың заң қабылданып, олардың әрбір оныншысы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Бұл заңнамалық жұмыстар мемлекеттілікті нығайтуға, құқықтық негізді қалыптастыруға және нарықтық экономиканы дамытуға зор ықпал етті.
Президент қазіргі шақырылым депутаттарының еңбегіне ерекше тоқталып, соңғы үш жылда 300-ден астам маңызды заң қабылданғанын айтты. Оның ішінде конституциялық заңдар мен кодекстер еліміздің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын тарихи құжаттар ретінде бағаланды. Мемлекет басшысы депутаттардың елдегі ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысып, жауапты кезеңде жоғары кәсібилік танытқанын атап өтті.

Сонымен қатар Президент қазіргі халықаралық ахуалдың күрделеніп келе жатқанына назар аударып, әлемдік экономиканың жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келгенін жеткізді. Осыған байланысты Үкіметке инфляцияны төмендету, экономикалық өсім қарқынын сақтау және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту міндетін жүктеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңару жолындағы реформалар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтіп, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында батыл шешімдер қабылдау уақыт талабы екенін айтты.