Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып, жас сарбаздарға арнаған сөзінде отансүйгіштік, әскери даярлық және жастардың ел болашағындағы рөліне ерекше тоқталды.
Биылғы «Айбын-2026» жиынына Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 50-ден астам команда қатысты. Бағдарлама аясында әскери-спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды.

Президент бұл жиынның жастарды елжандылыққа тәрбиелеудегі маңызын атап өтіп, бүгінгі буынның мемлекет тағдыры үшін жауапкершілігі зор екенін айтты. Мемлекет басшысы наурыз айында қабылданған жаңа Конституция елдің дамуына тың серпін беретін тарихи құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап заңды күшіне енетін жаңа Конституция мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз қалап, Қазақстанның жаңа даму кезеңін бастайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституция – қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен адамгершілік құндылықтарын нығайтатын басты құжат. Президент жастарды білімді, еңбекқор, жауапты әрі отаншыл азамат болуға шақырып, елдің жарқын болашағы олардың қолында екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы әскери қызметтің азаматтық борыш әрі қасиетті міндет екенін атап өтіп, Қарулы күштерді жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтты. Армия мен әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және заманауи даярлық стандарттары енгізіліп жатқанын жеткізген Президент кәсіби деңгейі жоғары әскери кадрларды даярлау мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін айтты.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің жетістіктеріне тоқталып, оқу орны осы уақытқа дейін 4,5 мыңнан астам жоғары білікті сержант даярлағанын және оның тәжірибесі халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын атап өтті.