Қазақстанда экологиялық волонтерлік бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде дамып, азаматтардың қоршаған ортаны қорғау бастамаларына қатысу белсенділігі артып келеді. 2025 жылы экологиялық волонтерлік іс-шараларға 60 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Сол жылы экологиялық бастамаларға 40 мыңнан астам азамат жұмылдырылған.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамның табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында іске асырылып жатқан «Green Steppe: Әр қадамыңда экосаналылық» гранттық жобасы.
Жоба 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – экологиялық волонтерлікті дамыту, азаматтардың экологиялық сауаттылығын арттыру және қоршаған ортаны қорғау ісіне жастар мен қоғам өкілдерін кеңінен тарту.
Жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінің өкілдерін қамтыған сараптамалық вебинарлар ұйымдастырылды. Оларға 300-ден астам адам қатысты. Сонымен қатар экологиялық бағыттағы арнайы оқу бағдарламасы әзірленіп, оны мыңға жуық экобелсенді меңгеріп шықты. Бұл бастама волонтерлердің білімін жетілдіріп, экологиялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
2026 жылдың басынан бері жоба аясында ұйымдастырылған іс-шараларға 2 мыңнан астам волонтер қатысты. Олар қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған жұмыстарға белсенді атсалысуда.
Биыл экологиялық волонтерліктің қазіргі даму деңгейін бағалау және осы бағыттағы негізгі үрдістерді анықтау мақсатында «Қазақстандағы эковолонтерлік – 2026» зерттеуін жүргізу жоспарланып отыр.
Экологиялық волонтерліктің кеңеюі азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, «Таза Қазақстан» қағидаттарын қоғамда орнықтыруға ықпал етуде.