ШЫМКЕНТТЕ ҮШ БІРДЕЙ ШАХМАТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Жаңа нысандар Абай атындағы саябақта, Металлургтер саябағында және 17-шағынаудандағы жаяу жүргіншілер аллеясында орналасқан. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) президенті Тимур Турлов қатысты.

Қала әкімі жаңа шахмат үйлерінің ашылуы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, балалар мен жастардың ой-өрісін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

«Қаламызда шахматқа деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. 2024 жылы Орталық саябақта ардагерлер мен аға буын өкілдеріне арналған Шахмат үйі ашылған болатын. Бүгінде бұл игі бастама жалғасуда. Жаңа нысандар тұрғындарға бас қосуға, шахматпен тұрақты айналысуға және бос уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға және дарынды спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлеміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Айта кетейік, ең үлкен шахмат үйі Абай атындағы саябақта орналасқан, оның аумағы – 223 шаршы метр. Қалған екі павильонның әрқайсысының ауданы 81 шаршы метрді құрайды. Олардың бірінде жазғы терраса қарастырылған. Барлық нысан арнайы шахмат үстелдерімен жабдықталған.

FIDE және KazChess президенті Тимур Турлов шахмат инфрақұрылымының қолжетімді болуы болашақ чемпиондарды даярлау және шахмат қозғалысын одан әрі дамытуда маңызды екенін атап өтті.

Жаңа шахмат үйлері қала тұрғындары үшін ашық қоғамдық кеңістікке айналып, түрлі жастағы азаматтардың бас қосуына мүмкіндік береді. Мұнда балалар мен жасөспірімдер шахмат ойнау дағдыларын жетілдіріп, тәжірибе жинақтай алады. Сонымен қатар бұл орындар шахмат әуесқойлары арасында өзара тәжірибе алмасуға, достық турнирлер мен зияткерлік кездесулер ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасайды.

Шымкентте шахмат инфрақұрылымының кеңеюі бұқаралық спортты дамытуға және өскелең ұрпақтың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыруға ықпал етеді. Қолжетімді спорт нысандарының көбеюі тұрғындардың салауатты өмір салтына қызығушылығын арттырып, қалада шахмат мәдениетін одан әрі нығайтуға жол ашады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *