Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қала тазалығын сақтау және вандализмнің алдын алуға бағытталған кезекті акция өтті. Іс-шара барысында еріктілер Бауыржан Момышұлы ескерткішінің аумағын тазалап, қоғамдық орындарды күтіп ұстаудың маңызын көрсетті. Акцияға 15 жас белсене қатысып, туған қаланың көркеюіне өз үлестерін қосты.
Бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, тарихи-мәдени мұраларды қорғау және тұрғындардың қоғамдық кеңістіктерге деген жауапкершілігін арттыру. Әсіресе, ескерткіштер мен тарихи орындарды күтіп ұстау, олардың бүлінуіне жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Мұндай бастамалар тазалықты сақтаумен қатар, қоғамдық мүлікке құрметпен қарау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту және азаматтық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Жыл басынан бері Шымкентте бағдарлама аясында 64 іс-шара ұйымдастырылған. Оларға жастар мен еріктілер белсенді қатысып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға атсалысып келеді. Алдағы уақытта осындай жұмыстар Абай Құнанбайұлы ескерткішінің аумағында жалғасын табады.
Жастар ресурстық орталығының маманы, ерікті Жазира Омарованың айтуынша, мұндай акциялардың тәрбиелік мәні зор.
«Бұл акциялардың қала үшін маңызы ерекше. Олар тазалықты сақтаумен қатар, жастардың бойында қоршаған ортаға және тарихи мұраға деген жауапкершілікті қалыптастырады. Қуантатыны – қатарымызға жастар көптеп қосылып жатыр. Олар өз ісімен әрбір азамат қала көркіне үлес қоса алатынын дәлелдеуде. Мұндай бастамалар тұрғындарды ортақ кеңістікке ұқыпты қарауға жетелейді деп сенеміз», – дейді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қала аумағын абаттандыру, ескерткіштерді күтіп ұстау және вандализмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Бұл бастамалар Шымкенттің тазалығы мен көркін сақтауға, сондай-ақ тұрғындардың ортақ жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.