Мәулен Әшімбаев: Мемлекет басшысының реформаларының негізінде адам және оның мүдделері тұр

Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңғырту күн тәртібіне арналған «Реформалар мәні: Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Іс-шараға кітап авторы, мемлекет және қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев, өңірдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.

Кездесу М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде ұйымдастырылды. Жиын барысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың негізгі бағыттары талқыланды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде реформалардың басты мақсаты азаматтардың әл-ауқатын арттыру және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеру екенін атап өтті. «Әділетті Қазақстан» идеясының түпкі мәні – «мемлекет мемлекет үшін» деген түсініктен «мемлекет адам үшін» қағидатына түбегейлі бет бұру. Ел дамуының жаңа парадигмасының негізінде адам және оның мүдделері тұр. Бұл ұстаным жаңа Конституцияда нақты көрініс тапқан», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кітапта мемлекеттік басқаруды жаңғырту, саяси және экономикалық өзгерістер, өңірлік даму, ұлттық бірегейлік, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы орны секілді маңызды мәселелер қамтылған. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев «Металлург» спорт кешеніне барып, жергілікті бочча федерациясының өкілдерімен кездесті. Ол параспортшылардың жаттығу барысымен танысып, спортшылардың, ата-аналар мен жаттықтырушылардың ұсыныстарын тыңдады. Кездесуде инклюзивті спортты дамыту және оған қажетті жағдай жасау мәселелері сөз болды.

Шымкентке сапар Достық үйінде қала жастарымен өткен ашық диалогпен қорытындыланды. Кездесуде жастардың реформаларды іске асыруға қатысуы, цифрландыру, жасанды интеллект және жаңа технологияларды меңгеру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жастардың талдамалық әлеуетін арттыруға бағытталған Taldau экожүйесінің білім беру және қоғамдық жобаларын дамыту жөнінде пікір алмасты. Мәулен Әшімбаев жастардың білім алып, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосуы маңызды екенін атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *