21–23 қазан күндері Шымкент қаласындағы Көрме орталығында жергілікті кәсіпорындардың өнімдері ұсынылған жәрмеңке өтуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық өнімдерді кеңінен таныстыру, жергілікті өндірушілерді қолдау және кәсіпкерлердің өзара байланысын нығайту.
Жәрмеңкеге қатысқан қала кәсіпкерлері өздері өндірген тауарлар мен өнімдерді көпшілік назарына ұсынып, олардың сапасы мен ерекшеліктерін таныстыруда. Бұл – жергілікті кәсіпорындарға өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынуға, жаңа клиенттермен байланыс орнатуға және нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған алаң.
Көрме орталығына келген тұрғындар азық-түлік, тұрмыстық және басқа да жергілікті өндіріс тауарларымен таныса алады. Сонымен қатар өнімдерді делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік бар. Мұндай формат тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтып, отандық өнімдерге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.
Жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін қолдау қала экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Өндіріс көлемінің артуы кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ осындай жәрмеңкелер шағын және орта бизнес өкілдерінің өз өнімдерін кеңінен таныстыруына жағдай жасайды. Кәсіпкерлер үшін бұл – тұтынушылардың сұранысын зерделеп, өнім сапасын жетілдіруге және сауда байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тиімді алаң.
Шымкентте ұйымдастырылған жәрмеңке жергілікті өндірушілер мен қала тұрғындары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Мұндай бастамалар отандық өнімді насихаттап, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.
Жәрмеңке 23 қазанға дейін жалғасады.