Шымкент қаласының Қайнарбұлақ және Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі екі модульді спорт залы пайдалануға берілді. Жаңа нысандар тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасап, балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Спорт залдарының ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.
Салтанатты рәсімде қала әкімі спорт инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік жасау маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Әр шағынауданның тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алуы маңызды. Біз спорт нысандарының қолжетімділігіне ерекше назар аудара отырып, қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетейік, модульді спорт залдарының құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жобалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, Шымкент қаласына сыйға берілді.
Жаңа нысандар баскетбол, волейбол және шағын футболға қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар спорт залдарында ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары және жаттықтырушыларға арналған бөлмелер қарастырылған. Көрермендер үшін 50 орындық арнайы аймақ жасақталған.
Спорт нысандарына суық мезгілде де жаттығуға мүмкіндік беретін жылыту жүйелері орнатылған. Бұл тұрғындардың жыл бойы спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай қалыптастырады.
Жаңа спорт залдарының ашылуы қаладағы бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жас ұрпақтың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына ықпал етеді. Сонымен қатар тұрғындарға үйіне жақын жерде спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында спорт инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып жалғасуда.