Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияның Ереван қаласында өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысы табиғи байлықтарды сақтау, экологиялық қауіп-қатерлердің алдын алу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударды.
Президент саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, қонақжайлық танытқаны және Біріккен Ұлттар Ұйымының Биоалуантүрлілік туралы конвенциясы аясындағы көшбасшылар саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты қорғау мәселесінде мемлекеттердің келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігін атап өтті. Оның айтуынша, биоалуантүрлілікті сақтау адамзаттың әл-ауқаты, экономикалық тұрақтылығы және ұзақмерзімді қауіпсіздігі үшін айрықша маңызды.
Мемлекет басшысы табиғи экожүйелердің азық-түлік өндірісін қамтамасыз етуде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамның күнкөрісіне жағдай жасауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар шөлейттену, су тапшылығы және жердің тозуы секілді экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдікке елеулі қауіп төндіріп отырғанын айтты.
Президент бұл мәселелердің салдары жекелеген мемлекеттердің шекарасымен шектелмейтінін, керісінше, орнықты дамуға кедергі келтіріп, жаһандық тұрақтылыққа әсер ететінін атап өтті.
«Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, табиғи байлықтарды қорғау бағытындағы бастамалар өзара сенім мен ортақ мүддеге негізделіп, нақты нәтижелерге бағытталуы тиіс.
Саммиттегі сөзінде Президент биоалуантүрлілікті сақтау адамзаттың болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап көрсетті. Халықаралық күш-жігерді үйлестіру және экологиялық міндеттерді бірлесіп шешу табиғи мұраны келер ұрпаққа жеткізудің маңызды шарты болып қала береді.