Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Каспий теңізінің табаны арқылы өтетін Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысты. Стратегиялық жобаның жүзеге асуы Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және Еуропа мен Азия арасындағы телекоммуникациялық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Ұзындығы 380 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық байланыс желісі Қазақстан мен Әзербайжанды тікелей байланыстырады. Жобаны «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы мен Әзербайжанның AzerTelecom компаниясы бірлесіп жүзеге асырды.
Жаңа желі Қазақстанды, Орталық Азияның басқа елдерін және Қытайды Еуропамен байланыстыратын халықаралық цифрлық бағыттың маңызды бөлігі саналады. Сонымен қатар ол Жерорта теңізі мен Қара теңіз аумақтарындағы қолданыстағы байланыс жүйелеріне қосылуға мүмкіндік береді. Бұл халықаралық деректер алмасу арналарының мүмкіндігін кеңейтіп, өңірдің цифрлық байланыс әлеуетін арттыруға жол ашады.
Жобаның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі еліміздің халықаралық телекоммуникациялық инфрақұрылымын нығайтып, деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ жаңа байланыс бағыты отандық нарыққа жаһандық технологиялық компанияларды тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Бұдан бөлек, заманауи цифрлық инфрақұрылымның дамуы бұлтты сервистерді енгізуге, жасанды интеллект технологияларын дамытуға және цифрлық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Транскаспий жобасының іске қосылуы Қазақстанның халықаралық цифрлық транзит орталығы ретіндегі әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл бастама елдің технологиялық даму мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге негіз қалайды.