Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 24 маусымдағы №304 өкіміне сәйкес, журналистика саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар маман Президенттің сыйлығы, гранты және Алғысына ие болды.

Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығы «Time kz» желілік басылымының бас редакторы Руслан Бахтигареевке, «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Байқал Байәділге, «NewTimes kz» ақпарат агенттігінің фототілшісі Әлібек Ибраевқа және «Qazaqstan» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Қайрат Мұсақұловқа табысталды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының БАҚ саласындағы гранты «Baq kz» ақпарат агенттігінің аға тілшісі Олжас Адайға, «Хабар» агенттігінің ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметінің редактор-сарапшысы Ботагөз Айтжановаға, контентмейкер әрі креативті индустрияны дамыту жобаларының авторы Жазира Байдалыға және «Zakon kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Екатерина Елисееваға берілді.

Президенттің БАҚ саласындағы Алғысы «Астана» телеарнасының, «Вечерний Алматы» және «Жас Алаш» газеттерінің, сондай-ақ «Abai kz» ақпараттық порталының шығармашылық ұжымдарына жарияланды.

Аталған марапаттар – журналистердің кәсіби біліктілігіне, қоғамның ақпараттық кеңістігін дамытуға қосқан үлесіне және ел мүддесіне адал қызметіне берілген жоғары баға. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мемлекеттік саясатты түсіндіруде, қоғам мен билік арасындағы тиімді байланысты нығайтуда, азаматтарды шынайы әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Президенттің бұл шешімі ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалап қана қоймай, отандық журналистиканың кәсіби деңгейін арттыруға, сөз бостандығы мен жауапты журналистика қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.