Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады. Президент өз сөзінде ақпарат саласы мамандарының қоғамдағы ерекше рөлін атап өтіп, олардың ел дамуы мен қоғамдық пікірдің қалыптасуына қосып жүрген үлесін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, журналистер – қоғамның жаршысы әрі халықтың сенімді үнін жеткізуші. Олар азаматтарды сапалы, жедел әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ел өміріндегі маңызды мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал етеді. Мемлекет басшысы медиа саласы қызметкерлерінің еңбегі әрдайым мемлекет назарында екенін айтып, барша журналистерге ризашылығын білдірді.

Президент өз сөзінде биыл қабылданған жаңа Конституцияның әзірленуі мен қабылдануы барысында бұқаралық ақпарат құралдарының ерекше рөл атқарғанына тоқталды. Оның айтуынша, конституциялық реформа кезінде журналистер Конституциялық комиссияның жұмысын жан-жақты жариялап, ұсынылған өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндірді. Тікелей эфирлер, сараптамалық бағдарламалар, сұхбаттар мен арнайы материалдар қоғамның белсенді талқылауына жол ашып, маңызды саяси науқанның ашық әрі жария түрде өтуіне ықпал етті.
Мемлекет басшысы Конституция жобасын талқылау бүкілхалықтық сипат алғанын атап өтті. «e-Government» және «e-Өтініш» платформалары арқылы мыңдаған ұсыныс келіп түсіп, олардың барлығы мұқият зерделенгенін айтты. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі болғанын жеткізді.

Президент журналистиканың басты өлшемі – кәсібилік, терең білім және объективтілік екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, шынайы журналистика айқай-шу емес, қоғам үшін маңызды мәселелерді жан-жақты әрі жауапкершілікпен жеткізе білуімен ерекшеленеді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия құрамында медиа саласының беделді өкілдері еңбек еткенін айтып, журналистер қауымын жаңа Конституцияның тең авторларының бірі деп атауға толық негіз бар екенін мәлімдеді.