Шымкент қаласындағы Арбат демалыс аймағында «Әділет» партиясының жастары ұйымдастырған «Жаңа Конституция: жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер» атты ақпараттық іс-шара өтті. Бастаманың негізгі мақсаты – қала тұрғындарына Жаңа Конституцияның мәні мен маңызын түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және елдің болашағына қатысты қоғамдық пікірді қалыптастыру.
Іс-шара барысында қала тұрғындары Жаңа Конституцияға қатысты өз ой-пікірлері мен ақ тілектерін арнайы алаңда жазып, еліміздің болашағына деген сенімі мен ізгі ниеттерін білдірді. Әртүрлі жастағы азаматтар өз ұсыныстарын ортаға салып, мемлекет дамуы, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.
«Әділет» партиясының жастары тұрғындарға Жаңа Конституцияның негізгі бағыттарын түсіндіріп, оның қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Конституциялық өзгерістердің басты құндылықтарының бірі – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған қағидаттарды нығайту екені айтылды.
Жастардың пікірінше, Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат қана емес, сонымен қатар әр азаматтың болашағына әсер ететін маңызды қоғамдық құндылық. Сондықтан оның мазмұнын түсіндіру, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың ел дамуына белсенді араласуына жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі.
Арбаттағы іс-шара тұрғындар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік беріп, қоғамның ел болашағына деген жауапкершілігін көрсетті. Қала тұрғындарының белсенділігі олардың Қазақстанның тұрақты дамуына, заң үстемдігіне және әділетті қоғам құруға деген ортақ ұмтылысын аңғартты.
Осындай бастамалар азаматтық белсенділікті арттырып, жастар мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді. «Әділет» партиясының жастары алдағы уақытта да халықпен ашық диалог орнатып, елдің қоғамдық-саяси өміріне жастардың белсенді қатысуын қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек.