Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық Домбыра күнімен құттықтап, бұл мерекенің халқымыздың рухани болмысын, тарихи жады мен ұлттық құндылықтарын дәріптеудегі ерекше маңызын атап өтті.

Президент құттықтауында қос ішекті қасиетті домбыраның қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігі екенін айтып, оның ғасырлар бойы ұлт рухын көтеріп, мәдени мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан баға жетпес қазына екенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, домбыраның үні арқылы халқымыздың төл тарихы, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары жаңғырып, дәуірлер арасындағы сабақтастық сақталып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті домбыраның қазақ елінің қуанышты сәттері мен сындарлы кезеңдерінде халықтың бірлігін нығайтып, елдің рухын асқақтатуда ерекше рөл атқарғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, домбыраның күмбірі азаматтарды жігерлендіріп, елдің жарқын болашағына деген сенімді нығайтып, қоғамды ортақ мақсаттарға жұмылдыратын рухани күшке айналған.

Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық өзгерістер мен дәстүрлі құндылықтарға төнген түрлі сын-қатерлер жағдайында Ұлы даланың мәдени мұрасы, соның ішінде қара домбыра ұлттық мәдениеттің мызғымас тұғыры болып қала беретінін айтты. Сонымен қатар қазақтың қасиетті аспабын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Осы орайда Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – Домбыра» деген қанатты сөзінің маңызы ерекше екеніне тоқталды.

Президент 1 шілдеде, Ұлттық Домбыра күні қарсаңында жаңа Конституцияның заңды күшіне енгенінің символдық мәні зор екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық өнерді дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген домбырашыларға, ұстаздарға, өнер қайраткерлеріне және қазақтың ән-күй өнерін Қазақстанда және шетелде кеңінен дәріптеп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. Президент қазақтың күй өнері мен домбырасының үні алдағы уақытта да елді бірлікке үндеп, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында жаңа жетістіктерге жігерлендіре беретініне сенім білдіріп, барша қазақстандықтарға амандық, бақ-береке және толайым табыс тіледі.