Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтап, елорданың Тәуелсіз Қазақстанның символы әрі мемлекетіміздің саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы ретіндегі айрықша рөліне тоқталды.
Президент өз құттықтауында Астананы егемен еліміздің жүрегі, халқымыздың жасампаз рухы мен жарқын болашаққа ұмтылысын айқын көрсететін басты құндылықтардың бірі ретінде атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, ел тағдырына қатысты маңызды стратегиялық шешімдер қабылданатын бас қала тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен орнықты дамуының басты қозғаушы күшіне айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары Астананың заманауи әрі жайлы мегаполис ретінде қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, елордада цифрлық технологияларға негізделген басқару жүйелері енгізіліп, «ақылды қала» тұжырымдамасы табысты жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Астана күні қарсаңында жаңа Конституцияның заңды күшіне енгеніне ерекше тоқталып, бұл оқиғаның тарихи әрі символдық маңызы зор екенін айтты. Президенттің пікірінше, Халық Конституциясы билік пен қоғам институттарын жаңғыртуға негіз қалап, еліміздің демократиялық дамуының жаңа кезеңін айқындады.
Құттықтауда елорданың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заңның қабылдануы Астананың мемлекеттік басқару жүйесіндегі орны мен маңызын одан әрі күшейткеніне назар аударылды. Сонымен қатар Президент бас қаланың халықаралық беделі артып келе жатқанын, бүгінде өңірлік және жаһандық деңгейдегі маңызды саяси кездесулер мен халықаралық форумдардың тұрақты алаңына айналғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана жауапты азаматтық ұстанымның, «Заң мен Тәртіп» қағидатының және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының жарқын үлгісі болуы тиіс екенін айтты. Мемлекет басшысы елорданың алдағы уақытта да Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды бастамалардың орталығы болып, елдің өркендеуіне тың серпін беретініне сенім білдірді.
Президент құттықтау соңында Астана тұрғындары мен барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке, амандық және ел игілігі жолындағы жаңа жетістіктер тіледі.