Шымкент қаласында ізгілік пен мейірімділікті ту еткен «Shymkent — Meyirim Qalasy» атты ауқымды донорлық акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, сәтті өтті. Жобаның басты мақсаты — қала тұрғындары арасында донорлық мәдениетті қалыптастыру және мұқтаж жандарға көмек қолын созу.

Акция басталмас бұрын ұйымдастырушылар мен еріктілер тарапынан үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Жоба аясында арнайы ақпараттық флаерлер мен брошюралардың бірегей дизайны әзірленіп, баспадан шығарылды. Студенттер мен қала тұрғындары көп шоғырланатын орындарда бұл үлестірмелі материалдар кеңінен таратылды. Брошюраларда донор болудың адам өмірін сақтаудағы маңызы, оның денсаулыққа пайдасы мен қан тапсырудың алдындағы алтын ережелер егжей-тегжейлі жазылып, тұрғындардың хабардарлығы арттырылды.

52 донор — 52 құтқарылған өмір
Ақпараттық науқанның нәтижесінде акция күні қала тұрғындары мен белсенді жастар ерекше белсенділік танытты. Медициналық серіктестердің және кәсіби мамандардың қатысуымен өткен шарада 52 адам ерікті түрде донор болып, қан тапсырды. Тұрғындардың бұл қадамы — жүрек жылуы мен адамгершіліктің шынайы көрінісі болды. Жинақталған қан қоры алдағы уақытта емханалардағы науқастардың өмірін сақтап қалуға үлкен септігін тигізеді.

Мейірімділік қаласы Шымкентте жақсылық жасау одан әрі жалғаса береді!