Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, еліміздің 2026 жылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын қарады. Кездесу барысында Үкімет басшысы Мемлекет басшысына экономиканың негізгі көрсеткіштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, инфрақұрылымды дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Премьер-министрдің мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша еліміздің ішкі жалпы өнімі 4,1 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, құрылыс саласы 15,2 пайызға, көлік қызметі 7,1 пайызға, сауда 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға және байланыс саласы 4,3 пайызға өсім көрсетті. Сонымен қатар негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 9,5 триллион теңгеге жетіп, жеке инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21,4 пайызға артқаны атап өтілді.
Кездесуде экономиканы әртараптандыру және өнеркәсіп әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Биыл өңдеу секторында жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 200 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ ірі автожол жобаларын жүзеге асыру, Астана қаласындағы екінші әуежайдың құрылысы мен Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңін жоспарлау жұмыстары жалғасуда. Биыл пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 20 миллион шаршы метрге жеткізу көзделген.
Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін 15 триллион теңгеге дейін ұлғайту және егістік алқаптарын 23,8 миллион гектарға жеткізу жоспарланған. Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлініп, мемлекеттік қолдаудың әрбір теңгесі 6,5 теңге көлемінде жеке инвестиция тартуға мүмкіндік бергені айтылды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына Халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың орындалуы, инфляцияны төмендету және әлеуметтік саясатты жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы да есеп берілді. Маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады.