Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге және оның әулетіне Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты көңіл айту үшін Доха қаласына барды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы марқұм шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің Қатардың дамуы мен халықаралық беделін арттыруға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері болғанын атап өтті. Президент оның қазақ халқына ерекше ықылас танытып, Қазақстанмен достық қарым-қатынастың нығаюына зор еңбек сіңіргенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар ынтымақтастығының қалыптасуы мен дамуына шейх Хамадтың қосқан үлесі ерекше екенін жеткізді. Ол Қазақстанға екі мәрте ресми сапармен келіп, екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстардың нығаюына ықпал етті. Президент сондай-ақ 1999 жылы сәуір айында өткен алғашқы ресми сапар кезінде Сыртқы істер министрі ретінде мәртебелі мейманды қарсы алғанын еске алды.

Мемлекет басшысы шейх Хамадтың қолдауымен елордада алғашқы еңселі әл-Фараби мешітінің салынғанын, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына Қатар тарапынан қолдау көрсетілгенін ризашылықпен атап өтті.

Президент марқұмның рухына тағзым етіп, оның жаны жәннатта болуын тілеп, Қатар халқына және марқұмның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.

Өз кезегінде Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан Президентіне арнайы келіп көңіл білдіргені үшін алғыс айтып, бұл қадам екі мемлекет пен халық арасындағы бауырластық байланыстардың жоғары деңгейін айқын көрсететінін жеткізді.

Кездесу барысында Қатар тарапының бастамасымен мемлекеттер басшылары қазіргі халықаралық ахуалға, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікір алмасты. Тараптар өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өзара сенім мен диалогты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни шақыруды ризашылықпен қабыл алып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.