Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Қанатбек Жайсанбаевты қабылдады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысына Қазақстан Халық Кеңесі мен оның Хатшылығын құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Қанатбек Жайсанбаев жаңадан құрылып жатқан Хатшылықтың негізгі міндеттері мен қызметінің басым бағыттарына тоқталып, оның Кеңес жұмысының тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етудегі рөлі туралы мәлімет берді.

Оның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы Кеңес қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық-талдамалық тұрғыдан толық қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Хатшылықтың қызметі Кеңестің жұмысын жүйелі ұйымдастыруға, қабылданатын шешімдердің тиімді орындалуына және мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын іске асыруға қажетті жағдай жасауға бағытталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды қоғамдық-саяси институт екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Кеңес мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, азаматтардың ұсыныстары мен бастамаларын біріктіретін, қоғамдық келісімді күшейтетін бірегей диалог алаңы болуы тиіс.

Мемлекет басшысы Хатшылық басшысына Қазақстан Халық Кеңесінің мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен, сарапшылық қауымдастықпен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын тиімді үйлестіруді тапсырды. Сондай-ақ барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, Кеңестің қызметін жоғары деңгейде ұйымдастырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысында Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясына дайындық жұмыстарын сапалы әрі жан-жақты жүргізу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы бұл маңызды іс-шараның мазмұнды өтіп, Кеңестің алдағы қызметінің негізгі бағыттарын айқындауға және елдің қоғамдық-саяси дамуына тың серпін беруге тиіс екенін атап өтті.