Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Шанхай қаласында өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының (WAIC) ашылу рәсіміне қатысып, халықаралық форумның пленарлық отырысында сөз сөйледі. Биыл дәстүрлі конференция «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбы аясында ұйымдастырылды.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қытайдың жасанды интеллект саласындағы әлемдік көшбасшылардың біріне айналғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінде әлемдегі жасанды интеллект зерттеушілерінің жартысынан астамы Қытайда еңбек етеді, ал осы саладағы патенттердің басым бөлігі қытайлық ғалымдар мен инженерлерге тиесілі. Сонымен қатар Қытайдың қарқынды дамып келе жатқан инновациялық экожүйесі көптеген жоғары технологиялық бағыттар бойынша серпінді нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияда ұсынылған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін жасанды интеллект» тұжырымдамасын қолдайтынын мәлімдеп, технологиялық прогресс бүкіл адамзаттың ортақ игілігіне қызмет етуі тиіс екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттер арасындағы сенім, ашықтық және өзара тиімді серіктестік жаһандық дамудың басты кепіліне айналады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қытай Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығы» бастамасының қазіргі кезеңдегі маңызын ерекше атап өтті.

Президент өз сөзінде цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған бірқатар нақты бастама көтерді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық сауданы дамыту және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы цифрлық экономикаларды ықпалдастыру мақсатында «Қазақстан – Қытай цифрлық көпірі» жобасын іске қосуды ұсынды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару салаларында жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі кеңінен енгізудің маңызын атап өтті.