Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Шанхай қаласында өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция аясында Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетпен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Камбоджамен қалыптасқан достыққа, өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті. Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы саяси диалогты жандандырумен қатар, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін әлеует жеткілікті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Камбоджа арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға ықпал ететін бірқатар перспективалы бағыттарды атады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, туризм, құрылыс, тағам өндірісі және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екені айтылды. Президент цифрлық трансформация мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде әлемнің үздік 24 мемлекетінің қатарына кіретін Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, электрондық үкімет жүйесін дамыту және инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге әзір.

Өз кезегінде Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет Қазақстанмен көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мүдделі екенін мәлімдеді. Ол екі елдің үкіметтері, бизнес қауымдастықтары мен іскер топтары арасындағы байланыстарды жандандырудың маңызын атап өтіп, бірлескен инвестициялық және экономикалық жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар өңірлік және жаһандық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін де талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) қызметіне көрсеткен қолдауы үшін Камбоджа тарапына алғыс айтып, Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы ақпарат берді.