Бүгін, 10 тамыз — Абай күніне орай Шымкент қаласында ауқымды музыкалық шеру өтті. Шартарапты әуенге бөлеген бұл мәдени бастама аясында 100-ге жуық өнерпаз қаланың басты орындарында ұлы ақынның мәңгілік мұрасын паш етті.

Жергілікті өнер ұжымдары қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, Хәкім Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас» сынды әндерін әуелете шырқап көпшілікті тәнті етті. Өнерпаздар Әуежай, «Дала мол», Теміржол вокзалы, «Жапон» саябағы, «Плаза», «Сити мол» сауда орталықтарын аралап, әуезді әндерін қалықтатты. Жанды дауыстағы орындаулар қаланың әрбір бұрышын ұлттық өнердің рухына бөледі. Жас пен кәріні баурап алған музыкалық шеру ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулудың және ұлы Абайдың асыл сөзін дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.

Шара барысында тұрғындар Абай әндерін өнерпаздармен бірге қосыла шырқап, ерекше әсерге бөленді. Ұлы ақынның терең мағыналы шығармалары қала кеңістігінде жаңаша үн қатып, көпшілікке рухани серпіліс сыйлады. Әсіресе жастардың Абай мұрасына деген қызығушылығы мәдени шараның маңызын арттыра түсті.

Мұндай мәдени бастамалар ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, қоғамның рухани құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Абайдың өлеңдері мен әндері арқылы адамгершілік, білімге ұмтылу, еңбекқорлық пен елдік мұраттар кеңінен насихатталды. Абай күніне арналған музыкалық шеру Шымкент тұрғындары үшін мазмұнды әрі әсерлі мәдени шаралардың бірі болды.