Алматы қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.

Жиында Президент әлемнің технологиялық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқанына назар аударып, жасанды интеллектінің жаһандық экономика мен қоғамдық дамудағы рөліне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі технологиялық өзгерістердің жылдамдығы мен ауқымы бұрынғы индустриялық революциялардан айтарлықтай ерекшеленеді. Бүгінде физикалық болмыс пен цифрлық кеңістік арасындағы шекара біртіндеп жойылып, жасанды интеллект әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту аса маңызды стратегиялық бағыт екенін атап өтті. Елдің заманауи цифрлық мемлекетке айналуы жаңа технологияларды тиімді енгізумен, үлкен деректер қорын ұтымды пайдаланумен және цифрлық инфрақұрылымды жүйелі дамытумен тікелей байланысты.

Сонымен қатар Президент жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін елдегі цифрлық экономиканың нақты жағдайына объективті баға беру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, қазіргі таңда цифрлық экономиканың үлесін есептеу әдістемесі толық қалыптаспаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін анықтау үшін экономикалық көрсеткіштерді жан-жақты саралау қажеттігіне назар аударды. Жалпы көрсеткіштер нақты сектордағы өсім мен инновациялар нәтижесінде алынған экономикалық тиімділіктің ара-жігін толық көрсете бермейді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың ішкі жалпы өнімге әсерін бағалау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Президент жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономиканың жаңа сапалы даму кезеңіне өтуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.