Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Румен Радевке құттықтау жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы жеделхатта Румен Радевті «Прогрессивті Болгария» коалициясының парламенттік сайлаудағы айқын жеңісімен және Болгария Республикасының Премьер-министрі болып сайлануымен құттықтады.

Президент бұл саяси жетістік Болгария халқының Румен Радевке және оның саяси бағытына білдірген сенімінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкіметтің қызметі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Болгария арасындағы қарым-қатынастардың дәстүрлі достыққа, өзара құрмет пен сенімге негізделгенін атап өтті. Екі мемлекет арасында қалыптасқан мазмұнды саяси диалог сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға берік негіз болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Болгария арасындағы көпжақты ықпалдастықтың алдағы уақытта да бірлескен күш-жігердің арқасында жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді. Президент екі елдің өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге және ортақ мүддеге сай бастамаларды жүзеге асыруға әлеуеті жеткілікті екенін жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша Қазақстан мен Болгария арасындағы сындарлы диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті.

Құттықтау жеделхатының соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Румен Радевке Болгария Республикасының Премьер-министрі қызметіндегі жауапты міндеттерін жүзеге асыруда зор табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

Сондай-ақ Президент достас Болгария халқына бейбітшілік, тұрақтылық, бақ-береке және өркендеу тіледі.