Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнге құттықтау жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Король II Абдалла бен әл-Хусейнді және барша Иордания халқын ел тәуелсіздігінің 80 жылдығымен құттықтап, осы айтулы мерекенің мемлекет тарихындағы ерекше маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынастардың дәстүрлі достыққа, өзара құрмет пен сенімге негізделгенін жеткізді. Президент екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және өзара тиімді серіктестікті одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы былтыр жүзеге асқан өзара сапарлар мен жоғары деңгейде өткен келіссөздер Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін бергеніне назар аударды. Бұл кездесулер екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Президент Қазақстан мен Иордания арасындағы достық қарым-қатынастың алдағы уақытта да екі ел халықтарының игілігі жолында қарқынды дами беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ ортақ мүдделерге негізделген серіктестікті одан әрі тереңдету үшін тараптардың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы өзара іс-қимылының маңызын да атап өтті.
Құттықтау жеделхатының соңында Мемлекет басшысы Король II Абдалла бен әл-Хусейнге жауапты мемлекеттік қызметінде толағай табыс, зор денсаулық пен жаңа жетістіктер тіледі.
Сонымен қатар Президент бауырлас Иордания халқына бейбітшілік, тұрақтылық, құт-береке және одан әрі өркендеу тіледі.