Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары Қырғызстан Республикасында өтіп жатқан су-моторлы спорттан UIM F1H2O әлем чемпионатының «Қырғызстан Республикасы – Ыстықкөл 2026 гран-при» кезеңінің ашылу салтанатына қатысты.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары қатысты. Көшбасшылар халықаралық жарысқа қатысушы командалар мен спортшылармен кездесіп, олардың дайындығымен танысты. Мемлекет басшылары спортшыларға сәттілік тілеп, тартысты әрі тартымды жарыс болуына ізгі тілектерін білдірді.

Ашылу рәсімі барысында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттеріне судағы жарыстарға арналған заманауи болид таныстырылды. Бұл спорттық техниканың жоғары жылдамдықпен жүретін жарыстарға бейімделген мүмкіндіктері көрсетілді.

Бұдан соң Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары бір мезгілде символикалық тетікті басып, UIM F1H2O әлем чемпионатының «Қырғызстан Республикасы – Ыстықкөл 2026 гран-при» кезеңін ресми түрде ашты.

Халықаралық додаға Біріккен Араб Әмірліктері, Аустралия, Канада және басқа да мемлекеттердің намысын қорғайтын 8 команда мен 18 спортшы қатысып жатыр. Жарыс барысында әлемнің үздік спортшылары Ыстықкөл айдынында жоғары жылдамдық пен шеберлікті сынайды.

Қырғызстанда UIM F1H2O әлем чемпионатының кезеңі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ауқымды халықаралық бәсеке республика тарихындағы ең ірі спорттық-мәдени іс-шаралардың біріне айналды.

Жарыстың Ыстықкөлде өткізілуі Қырғызстанның халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы әлеуетін танытып қана қоймай, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етеді.

UIM F1H2O кезеңі спорт жанкүйерлеріне жоғары деңгейдегі бәсекені тамашалауға мүмкіндік беріп, өңірдің туристік және мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде кеңінен танытуға жол ашады. Бұл шара Орталық Азияның спорт, туризм және мәдениет салаларындағы өзара байланыстарының жаңа мүмкіндіктерін көрсетеді.