Қазақстандық AI-индустрия үшін маңызды жаңалық – Алматыда орналасқан Higgsfield AI компаниясының капиталдандырылуы $5,4 млрд-қа жетті. Компания жаңа инвестициялық раунд аясында $400 млн қаржы тартты. Инвесторлар қатарында әлемдік қаржы және технология саласының ірі өкілдері – Goldman Sachs, Intel, DST Global және Liberty Global бар.

Higgsfield AI-дың қазіргі нәтижесі қазақстандық технологиялық компаниялардың халықаралық нарықтағы әлеуетін айқын көрсетеді. Соңғы сегіз айдың ішінде стартаптың бағасы төрт еседен астам өскен. Бүгінде компания платформасын әлемнің 30 миллионнан астам қолданушысы пайдаланады. Ал жылдық түсім қарқыны $700 млн-ға жеткен.

Компанияның Алматыда орналасуы да отандық IT-саланың дамуы үшін ерекше маңызға ие. Higgsfield AI командасының орташа жасы шамамен 25 жасты құрайды. Ұжымның басым бөлігін жас мамандар қалыптастырады. Компания биыл қызметкерлер санын 500 адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл ретте жаңа жұмыс орындарының едәуір бөлігі қазақстандық мамандар есебінен қалыптастырылмақ.

Higgsfield AI компаниясын қазақстандық кәсіпкерлер Ерзат Дулат пен Алекс Машрабов құрған. Олардың жетекшілігімен қалыптасқан команда жасанды интеллект негізіндегі жаһандық өнім жасап, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп отыр.

Компанияның жетістігі Қазақстанның технологиялық экожүйесі үшін де маңызды. Бұл отандық мамандардың әлемдік деңгейдегі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қабілетті екенін көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық инвестициялардың Қазақстанда құрылған технологиялық бизнеске деген сенімін арттырады.

Higgsfield AI алдағы уақытта компания құнын $10 млрд-тан асыратын декакорн мәртебесіне жетуді мақсат етіп отыр. Мұндай нәтиже Қазақстанның технологиялық секторын жаңа деңгейге көтеріп, елдің жаһандық IT-картадағы орнын нығайта түсері сөзсіз.

Higgsfield AI негізін қалаушылар мен бүкіл командасының бұл жетістігі қазақстандық стартаптар үшін үлкен мотивация. Компанияның халықаралық деңгейдегі табысы отандық технологиялық кәсіпкерліктің әлеуетін танытатын маңызды көрсеткішке айналып отыр.