Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен дипломатиялық миссия басшыларының сенім грамоталарын табыстау рәсімінде еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарына тоқталды. Мемлекет басшысы қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында Қазақстанның бейбітшілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұстанымынан айнымайтынын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық қатынастарда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық береді. Ел Орталық Азияда ғана емес, одан тысқары аймақтарда да тұрақтылықты сақтау және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға ниетті.

– Біз бейбітшілік салтанат құруға тиіс деп санаймыз. Сондықтан Орталық Азияда да, одан тысқары жерлерде де бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап, ынтымақтастықты өрбіту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық әлеуетіне және ұлттық экономикаға шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жетістіктеріне назар аударды. Оның айтуынша, еліміз шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру саясатын жалғастыра береді.

Қазақстан халықаралық компаниялармен өзара тиімді серіктестікті дамытуға мүдделі. Президент еліміздің инвестицияға қатысты «ашық есік» саясатын дәйекті түрде жалғастыратынын атап өтті.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформаларға тоқталды. Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан өзгерістердің қисынды жалғасы тарихи Құрылтай сайлауы болатынын айтты.

Президент еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның дипломатиялық өкілдер таныстырып отырған мемлекеттермен достық байланыстарды нығайтып, өзара тиімді және сан қырлы ықпалдастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар шет мемлекеттердің басшыларына жылы лебізін жолдады.